Жетіген 
Статья 5

Жетіген

 

Жетіген – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық көп ішекті шертпелі аспабы. Сонымен қатар, жетіген тектес аспаптардың жалпы Азия халықтарының арасында кеңінен таралғанын атап өткен жөн. Әр халық өзінің ән-күй өнерінің ерекшеліктеріне қарай аталған көп ішекті аспапты құрылымдық, көркемдік жағынан әрқилы етіп өзгертіп, дамытып келеді. Соның ішінде қазақ халқының осы күнге дейін дәріптеп келген жетігені әуелінде жеті ішекті аспап болып танылған. Оның шанағы бітеу ағаштан шабылса, ішектерінің астына қой асығы тиек ретінде қойылып, аспаптың құлақ бұрауы сол асықтарды қозғалту арқылы келтірілетін.

Кейін келе тиектер ағаштан, ішектер мыс сымнан жасалғандығы туралы деректер кездеседі. ХХ ғасырдың екінші жартысында Оразғазы Бейсембаев, Болат Сарыбаевтардың зерттеулерінің нәтижесінде жетігеннің ішек саны 13-ке, одан кейін 15 дейін арттырылады. Жетігеннің ішек санының артуы мен дыбыс ауқымының кеңеюі, оның оркестр құрамында тек қазақ халқының емес, сонымен қатар, әлемдік күрделі шығармаларды орындаудан туындаған қажеттілік. Одан бөлек, ғылым мен техниканың дамуының нәтижесінде саз аспаптарын жасауда қолданылатын жаңа материалдар мен өңдеу құралдарының жетілдірілуі де жетігеннің жасалу технологиясына айтарлықтай өзгерістер әкеліп отыр. Сол себепті, шебер ретінде жетіген аспабын жасау, дамыту барысында мен үшін бір жағынан жетігеннің тарихи түр-сипатын сақтау, екінші жағынан оның заман талабына сай орындаудан, көркемдік ерекшеліктерден туындайтын қажеттіліктерді қанағаттандыруы маңызды.

Жетіген аспабын жасауда этнографтардың зерттеулерін, орындаушылардың сұраныстарын ескере отырып өз тарапымнан жетігеннің алғашқы үлгілерін айтарлықтай жетілдіре түсуге барынша үлес қосуға тырыстым. Енді солардың бірқаншасына қысқаша тоқтала кетсем.

Біріншіден, осы күнде өз қолымнан шыққан жетіген аспабына 22 ішек тағу арқылы оның дыбыс диапазоны 1 октавадан 2 октаваға дейін артып отыр. Себебі, жетіген аспабының алғашқы кәсіби орындаушылары квинта-кварта бұрауындағы бір жетігенді күй үшін, енді бір өзге бұраудағы жетігенді күрделі әуендерді орындауға қолданып, екі бірдей жетігенді қатар алып жүруге мәжбүр болды. Осы түйткілді шешу үшін қос жетігеннің қызметін бір жетігеннің бойына тоғыстыру ойы келген. Нәтижесінде ішек саны 22-ге дейін артып, жетіген орындаушылары әртүрлі бұрауды қажет ететін шығармаларды бір жетігенмен орындау мүмкіндігіне ие болды.

Екіншіден, өткен ғасырда оркестрлер мен ансамбльдерде қолданылған жетігендердің ішектерінің бәріне бір ортақ тиек, болмаса әрбір 3-4 ішекке бір ортақ тиек жасалатын. Бұндай құрылымдағы жетігеннің бір ішегінің бұрауын бір немесе жарты тонға өзгерту қажет болғанда, ортақ тиекті қозғалтудың салдарынан өзге ішектердің бұраулары бұзылып, орындаушыға айтарлықтай қиындық туғызатын. Жетіген орындаушыларының осы ескертпелерін ескере келе оның бірден-бір шешімі әрбір ішекке жеке тиек орнату болмақ деп шештім.•

Осыған дейін шеберлер жетіген ішегінің құлақтарын қатты ағаш түрлерінен жасайтын. Алайда, іс жүзінде бұл әдістің кемшін тұсы байқалып жатты. Ағаш құлақтар тұрақсыз болып бұралып кеткен жағдайлар жиілей түсті. Соның салдарынан аспапты ойнау барысында ішектердің бұрауы жиі бұзылып, аспаптың бұрауын қайта келтіруге тура келетін. Тұтас бір оркестрдің халық алдында өнер көрсетіп, концерт қоюы барысында мұндай келеңсіз жағдайдың орын алуы орындаушыға да, дирижерге де көп қиындық туғызары айдан анық. Сол себепті, қазіргі таңда мен өзім жасайтын жетігендердің құлақтарын темірден салуды қолға алдым. Темірден жасалған құлақтар тәжірибе жүзінде ағаш құлақтан анағұрлым тұрақты, әрі берік екендігін дәлелдеді.•

Келесі бір жаңашылдық ішекке қатысты болды. Ертеде саз аспаптардың ішектері малдың ішегінен, жылқының қылы сынды қолда бар материалдардан салынатын. Кейін келе ішекті лескадан салу үрдіске айналды. Дегенмен, лесканың құлақ бұрауын берік ұстамайтын, уақыт өте келе созылатын кемшін тұсы бар. Әр түрлі материалдардан жасалған ішектерді зерделей келе, жетіген аспабы үшін сырты жібекпен оралған темір сымдарды пайдалану анағұрлым тиімдірек деген қорытындыға келдім.

Кәсіби тәжірибемде жетіген аспабын тек жасап қана қоймай, бұзылған аспаптарды қалпына келтірумен де ұзақ шұғылдандым. Сол кезде бет тақтайы ішіне ойылып түскен, болмаса ортасынан жарылған жетігендер жиі ұшырасатын. Осы бір ақаудың себебін зерттей келе оның басты себебі бет тақтайдың пішінінде екендігі анықталды. Бұрын жасалған жетігендердің барлығының дерлік бет тақтайлары жайпақ тегіс келетін. Жетігеннің керіле тартылатын ішектерінің бар серпінді күші тиек арқылы бет тақтайға беріліп, әрдайым жетігеннің бет тақтайын оның түбіне қарай басып тұрады. Міне, соның салдарынан уақыт өте келе, әсіресе, жетігеннің бет тақтайы ылғалданған кезде жетігеннің беті опырылып түбіне түседі. Бұл тығырықтан шығудың жолы қарапайым физиканың заңдылығына жүгіну арқылы табылады. Қазіргі таңда жетігеннің бет тақтайын ағашты ию арқылы дөңес пішінге келтіріп жасап жүрмін. Дөңес пішіндегі бет тақтайдың ішектің күшіне қарсы тұрар серпінділігі артып, бұл мәселенің де оңтайлы шешілу жолы табыла қалды.

Дегенмен, жетігеннің даму жолы осымен тоқтап қалмақ емес. Әлі де болса бұл аспапты барынша кемелдендіре түсу жаңа буындағы шеберлердің еншісінде. Өз басым жетігеннің бас, альт, тенор, прима сияқты түрлерінің жасалып дамуын қалар едім. Сонымен қатар, мектеп жасындағы оқушылар арасында жетіген аспабын ойнауды үйрететін мектептердің кеңінен ашыла бастауымен жас жеткіншектерге лайықталған жетігеннің үлгілерін жасауға деген қажеттілік туындап отыр. Сондықтан, жетіген аспабын келер ұрпаққа жеткізу үшін әрбір шебер оны тек жасап қана қоймай, барынша кеңінен насихаттау жұмысына білек сыбана кірісуі қажет деп санаймын.

Авторы:

Қазақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер

Нұрлан Абдрахман

P.S. Мақаланы өзге басылымдар мен ғаламтор желілерінде жариялау, көшіріп орналастыру барысында оның авторына және оның алғаш жарияланған www.zhetigen.kz сайтына сілтеме жасауларыңызды сұраймын.

Мақалалар тізіміне кері қайту