Қобыз жасау. 
Статья 4

Қобыз жасау.

 

Қобыз аспабының даму тарихында оны пайдаланудың мақсатына қарай, орындаушылардың қажеттілігіне байланысты, сондай-ақ жасаушы шеберлердің шығармашылығының нәтижесінде бірқатар түрлері пайда болады. Олардың қатарына нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз, сазген, қазіргі ұлт аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерінде ойналып жүрген альт қобыз, прима қобыздарды жатқызуға болады. Қобыздың бұл түрлерінің барлығы бастауын көне қобыздан алғанымен, құрылысында айтарлықтай айырмашылықтары бар.

Қылқобыз аспабы келесі негізгі бөліктерден тұрады: шанақ, мойын, тиек, бетіне тартылатын тері, ішектер, құлақтар, ішек ұстауыш.

Қобыз бітеу ағаштан ойып жасалады немесе мойны бөлек, шанағы бөлек жасалып құрастырылады. Шанақтың жоғарғы жағы жарты шар түрінде, төменгі жағы сүйірленіп ойылады.

Қобыз бетіне керілетін теріге түйе, сиыр және әр түрлі жабайы аң терілері пайдаланылады.

Мойын – үйеңкі және өзге қатты ағаш тұқымдарынан жасалатын күрделі бөлшек. Құрастырылып жасалатын қобыздың мойны қобыздың шанағына қиылыстырып, желіммен жапсырылады. Мойынның жоғарғы жағы арнайы пішінде жасалып, оған ішектерді тартатын құлақтар салынады.

Тиек – ішектерді тіреп тұру үшін ағаштан жасалатын бөлшек. Ол керілген терінің бір жақ шетіне таман оған перпендикуяр бағытта орнатылады. Тиекті үйеңкінің радиалды қимасынан жасайды. Ол ішектің ырғалысын теріге беріп тұрады. Оның пішіні әртүрлі болуы мүмкін. Тиек ішектің ырғалатын бөлігін қозғалмайтын бөлігінен ажыратып тұратын төменгі шекарасы.

Ішек ұстауышта бір ұшында ішектерді бекітуге арналған, ал екінші ұшында тұзақ қып байлап, түймеге ілуге арналған тесіктер болады. Ішек ұстауыш ішектердің белгілі бір ара қашықтығын сақтап тұру үшін салынады. Қалың тарамыстан жасалған тұзақ қобыздың төменге жағында орналасқан қатты ағаштан жасалған түймеге ілінеді.

Құлақтар қатты ағаш түрлерінен жасалып, ішектерді бұрап, құлақ күйін келтіру үшін пайдаланылады. Құлақтың пішіні конус түрінде жасалады.

Қобыздың дыбысжасаушы элементтерінің қатарына ішектер, тиек, тері, жақтаулар, кергіш кіреді. Ал ішектердің ырғалуын тудыратын - ысқыш.

Дыбыстың туындауы келесідей жүреді: ысқыштың ішек бетімен қозғалысы ішектің ырғалысын тудырады. Осы ырғалыс тиекке беріледі. Тиектің бір аяғы терінің орта тұсына тірелсе, екінші аяғы қобыз шетіндегі қатты жақтауына тіреледі. Нәтижесінде ішектің ырғалысынан туындаған қозғалыс тиек аяқтарына беріледі, одан ары ол тиектің аяқтарынан теріге, ал жақтау арқылы шанаққа өтеді. Ырғалыстың әсерінен тері мен шанақтан дауыс шығады. Аспап шанағындағы ауа шанақ және тері ырғалысының әсерінен бір сығылып, бір кеңейеді де дауысты күшейте түседі.

Қобызды тұтастай шабу. Қобызды шабу үшін ұзындығы 70 см, ені 22 см, қалыңдығы 20 см ағаш дайындамасы алынады. Бұл дайындама жақсылап кептірілген, ешбір бұтағы, жарығы, шірігі және сол сияқты кемістіктері жоқ таза ағаш болуы шарт. Қобыздың пішіні тұтастай шабыла отырып жасалады. Шабу жұмыстары алдын-ала дайындалған жоба бойынша жүреді. Алдымен дайындаманың бетіне жасалатын қобыздың өлшемдеріне сәйкес сызбалары түсіріледі. Сызбаның өлшемдеріне сәйкес шот, балта, ара сынды саймандар арқылы дайындама алғашқы өңдеуден өтеді. Бұл аспаптармен жұмыс істеу барысында еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау өте маңызды. Сонымен қатар, қажетсіз немесе ебедейсіздікпен қатты күш жұмсаудың салдарынан болатын ағаштың жарылуы, сынуы, бір шетінің ұшып кетуі, тесілуі сынды келеңсіз жағдайларға да бой алдырмау қажет. Осы ретпен атқарылған жұмыстың нәтижесінде дайындаманың артық жерлері шабылып, қобыздың формасы айқындала бастайды. Өңдеудің осы алғашқы сатысында қобыз шанағының, мойнының қалыңдығын 1-2 мм артық мөлшерде шапқан абзал, себебі өңдеудің келесі кезеңдерінде ағаштың беті қыру, тазалау, ою сияқты өңдеуден өтетіндіктен, оның беті тағы да жұқара түседі. Келесі кезекте шанақтың ішін қуыс етіп ою жұмыстары атқарылады. Бұрғы, ыңғыру, қашау және т.б. құралдардың көмегімен шанақтың ішін ойып, қабырғаларының қалыңдығын қажетті мөлшерге келтіреміз. Қобыз шанағының қалың не жұқа болуы оның аккустикалық қасиеттеріне тікелей әсер ететіндігін ескерген жөн. Егер қобыз шанағы қалың болса дауысы жоғары болып шығады, ал егер тым жұқа болса төмен болады. Сонымен қатар, шанағы жұқа қобыз сыртқы механикалық күштердің әсеріне төзімсіз, тез сынғыш келетінін ескерте кеткен дұрыс болар. Шабудың жоғарыда сипатталған кезеңдерінен өткеннен кейін қобызды тазалау, әрлеу жұмыстары атқарылады. Бұл жұмыстардың реті жеке тарауда баяндалады. Ал қобыздың өзге құрамдас бөліктері бөлек жасалады. Оларды жасау барысына жеке тоқталатын боламыз.

Тиек жасау. Тиек барлық саз аспаптарда және, әсіресе, қылқобызда тері мен қыл ішектің арасын байланыстыра отырып, дыбыс шығарудағы негізгі тетіктердің бірі болып есептеледі. Сондықтан, оның жасалуына ерекше мән беру керек. Тиек, дыбысқа кедергі жасамайтын, мықты, әрі қатты ағаш тұқымдарынан жасалады. Көбінесе тиекті үйеңкі, алма, алмұрт, қызыл қайың және т.б. қатты экзотикалық ағаштардан жасайды. Оның жоғарғы жағында ішектер тұратын кертіктері болады, ал төменгі жағы екіге айырылып қобыз бетіне орналасуға ыңғайланып жасалады. Тиек шайтан тиектен шамамен 42 см қашықтықта орналастырылады. Алайда бұл өлшем орындаушылардың қалауына қарай өзгеруі мүмкін. Ал тиектің биіктігі шамамен 4 см мөлшерінде, ені 5 см, қалыңдығы 8 мм, бірақ ол қобыз мойнының еңкіш, не артқа қарай шалқайып орналасуына байланысты өзгеріп отырады. Яғни қобыз мойны еңкіш болғанда тиек биік жасалады, ал керісінше қобыз мойны артқа қарай шалқайып орналасқан болса тиек аласалау етіп жасалады. Тиек төмендегідей әр түрлі формада жасалады

Құлақ жасау. Құлақ қара ағаштан немесе қатты шымыр ағаш тұқымдарынан жасалады. Құлақты қол құралдары арқылы қолмен жасап шығуға болады, алайда, ол көп уақытты талап етеді. Сондықтан әдетте құлақтарды қырғы станогымен қырып жасайды. Құлақтың көлемі, формасы қобыздың нарқобыз, қылқобыз сияқты түрлеріне қарай әр түрлі өлшемде жасалады. Оның жасалу формасы қобыздың дизайны мен көлеміне қарай белгіленеді.

Мойын жасау. Қобыздың мойны аспаптың акустикалық қасиеттеріне тікелей ықпалын тигізбегенімен, аспапты ойнау сапасына, шығарманы орындау техникасына қосар үлесі мол. Ішектердің тартылу күшінен мойынға үлкен салмақ түседі, сондықтан оны жасауға қатаң талаптар қойылған.

Қылқобызды жасау барысында негізінен оның шанағы мен мойны тұтастай бір ағаштан шабылып жасалады. Бірақ, кейбір жағдайларда, шанағын бөлек, мойнын бөлек ағаштан құрастырып жасайды. Бөлек ағаштан құрастыру барысында мойынның ұзындығын, ең жалпақ жері мен ең қалың жерін ескере отырып дайындаманы сол өлшемдерге сәйкес қол арамен немесе арнайы станоктармен кесіп қалыпқа келтіреміз. Мойынның төменгі жағын шанаққа бекіту үшін трапеция формасында, ал жоғарғы жағын жуандау етіп, құлақ бекітіп қылды тағу үшін аша тәріздес екіге айырып жасайды. Әрбір ашаның жанынан құлақ кіретін екі тесік ойылады. Тесіктердің диаметрі құлақтың диаметріне қарай лайықталып тесілуі керек. Құлақтың мойынға кіретін бөлігі конус тәріздес етіп жасалатындықтан, сәйкесінше құлақ бірінші кіретін ашаның тесігі кеңдеу, екіншісінің тесігі тарлау болады. Әдетте мойынның аша тәріздес ұшының бетіне желіммен бөлек ағаштан жасалған алақан жапсырылады. Алақан жалпақ, қалыңдығы қобыздың көлемі мен жасаушының қалауына қарай әр түрі болуы мүмкін. Алақанның беткі жағына сүйектен ойылған өрнек жапсыру арқылы, немесе тікелей өзін ою арқылы сәндеп жасауға болады. Қобыздың сызбадағы жобасына қарай алақаны қырлы, доғал және т.б. формада жасалуы мүмкін. Алақанның төменгі жағынан қыл кіретін параллель бағытта және бір деңгейде екі тесік тесіледі. Мойынның төменгі жағы шанаққа киіліп бекітіледі. Осы жағдайда шанаққа мойынды төмендегі әдіс-тәсілмен орналастырады:

Мойынның шанаққа бекітілетін ұшы трапеция формасында жасалады. Ал шанақтың мойын бекітілетін жағы мойынның трапеция формасындағы ұшына сай өлшемде ойылады. Қобызды құрастыру барысында мойынның аталған ұшы шанақтағы өзіне шақ қана етіп ойылған кетікке үстіңгі жағынан кигізу арқылы орнатылады. Осы әдіспен құрастырылған қобыздың мойны шанаққа әрі берік, әрі мықты бекітіліп, тартылған қылдың тартылыс күшіне төтеп бере алуға тиісті. Ал қалған бөлігі ойнау барысында қолға жайлы болсын деп, артқы жағы доғалданып, беті тегіс етіп жасалады. Мойын иілу, сыну, жарылу сынды деформацияға берілмейтін берік те қатты ағаш материалдарды қажет етеді. Мойын дайындау барысында қол құралдары, ал өндірісте электр-лобзиктер, фрезерлі станоктар, бұрғы станоктары пайдаланылады. Мойынның ұзындығы шанақ жиегінен бастап шайтан тиекке дейінгі аралықта шамамен 22-23 см, ал мойын формасы конус тәріздес болғандықтан ені төменгі жағынан 3 см бастап, басына қарай 2,5 см дейін сүйірлене түседі, қалыңдығы мөлшерімен 2,5-2,7 см болады.

Шанақ жасау. Шанақ ағаш діңінің радиалды кесіндісінен шабу арқылы жасалады. Алдымен қобыздың сызба жобасында қарастырылған өлшемдерге сәйкес ағаш материалы таңдалып, дайындаманың тегістелген бір бетіне қобыздың сызба жобасы түсіріледі. Қылқобыз шанағының ұзындығы 32-34 см аралығында, шанақтың беткі жағындағы ең кең жері 19-20 см мөлшерінде, тері тартылатын жіңішке тұсының ені 8,5-9 см болады. Шанақты ою барысында оның қалыңдығы мөлшерімен 6-7 мм болғаны дұрыс. Бұл өлшемдердің барлығы сызбада анық бейнеленген. (Қобыз шанағының суреті, барлық өлшемдер, сызбасы) Осы өлшемдерді басшылыққа ала отырып, дайындама шабыла бастайды. Алдымен қобыздың сыртқы формасы шабылады. Шанақ жасауда балта, шот, әр түрлі қашаулар, ыңғыру, үскі, сүргі сияқты қарапайым қол құралдары, сонымен қатар заманауи қырғы станктары, электр-бұрғылар, сүргілеу станоктары, бор машинка, шлиф машинка сынды соңғы үлгідегі техника жетістіктері де қолданылады. Алғашқы кезең – шанақтың сыртқы формасын шығаруда шот, балта, ара, егеу, қашау сынды құралдардың көмегіне қажетіне қарай кезек-кезек жүгініп отырамыз. Келесі кезең, шанақтың ішін ою барысында қуыс қашау, қуыс шот, бұрғы, ыңғыру, қырғы сияқты саймандар пайдаланылады. Артынша шабылған шанақты тазарту, өңдеу барысында әйнек сынықтары, құмқағаз, егеу қолданылады.

Ішек жасау. Ішек әдетте жылқы малының құйрық қылынан жасалады. Қылды алдымен сабын және арнайы ұнтақтармен жуып тазалайды. Ішектің ұзындығына орай қылдар талданып алынады. Қылдың жуан-шіңішкелігіне байланысты әрбір ішектегі қылдың саны 40-тан 100-ге дейін өзгеруі мүмкін. Жоғары дыбыс беретін ішектегі қыл саны аздау, керісінше, төмен дыбыс беретін ішектің қылы көптеу болады. Олардың бір-бірінен парқы 20 тал қыл мөлшерін құрайды. Қылдың құлаққа оралатын жағын шайтан тиектен жоғарылау алып, орауға ыңғайлы болу үшін, жіп араластырып өріп шығады. Төменгі жағын тарқатылмайтындай буып байлап, ішек ұстауышқа бекітеді.

Қобыздың ішегін ұстап тұратын түйме қырғы станогымен немесе қол құралдары арқылы қатты ағаштан жасалады. Түйме қобыздың астыңғы жағының оң жақ шетіне тесіп орналастырылады. Ішек ұстауыш қатты ағаштан әр түрлі ыңғайлы формада ішкі жағын ойып, үстіңгі жағы доғалданып жасалады.

Авторы:

Қазақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер

Нұрлан Абдрахман

P.S. Мақаланы өзге басылымдар мен ғаламтор желілерінде жариялау, көшіріп орналастыру барысында оның авторына және оның алғаш жарияланған www.zhetigen.kz сайтына сілтеме жасауларыңызды сұраймын.

Мақалалар тізіміне кері қайту