Музыкалық аспаптардың құны қалай қалыптасады 
Статья 2

Музыкалық аспаптардың құны қалай қалыптасады

 

Неге базардағы домбыра он мың теңге тұрса, кейбір шеберлердің домбырасы мыңдаған доллар тұрады? Бәз біреулердің саз аспаптарын тым жоғары бағаға алдап сатып жатпасына кім кепіл? Осы бір өзекті сауалдарға жауап беру үшін, саз аспаптарының нарықтағы құны қалай қалыптасады, оған қандай факторлар әсер етеді деген мәселеге азды-кем тоқталып кеткенді жөн көріп отырмын. Оқырманға оңай болу үшін мәселе негізгі 3 бағытта қарастырылады.

Материал. Аспап құнының ауқымды бір бөлігін оны жасауда қолданылған материалдарға кеткен шығын құрайды. Егер шебер, мысалға, домбыраны еліміздің аумағында өспейтін, тек шетелден әкелінген, әрі өзі сирек кездесетін қызыл ағаш, эбен, палисандр, бубинга, венге сияқты өзге де құнды ағаш түрлерінен жасайтын болса, сәйкесінше, ол аспаптың құны өте жоғары болады. Бұл ағаш тұқымдарының табиғи ерекше түстері, текстурасы аспаптың сәнін келтіріп, ажарын ашатыны рас. Бірақ, егер аспаптың ағашы неғұрлым қымбат болса, дауысы да соғұрлым жақсы болады деген пікір қате екендігін ескертемін. Аспаптың дауысын шығару ол шебердің еңбегімен келеді, және біз оны келесі бөлімде қарастырамыз.

Тағы бір жайт, шауып жасалған домбыра мен құрап жасалған домбыраның бағасы әр басқа. Тұтас ағаштан шауып жасалған домбыраға кеткен ағаштан 2-3 құрама домбыра жасауға болады. Себебі құрама домбыраның шанағы жұқалап тілінген тақтайшалардан құрастырылса, шапқан кезде болашақ домбыраның қалпын шығарғанға дейінгі артық ағаштың барлығы жоңқаланып, шығынға кетеді. Сондықтан, көбінде шеберлер қымбат ағаш түрлерінен домбыраны немесе қобызды шауып жасамайды, ал жасай қалған жағдайда бағасы шарықтамай тұрмас.

Аспап құнын сұрыпталған сапалы ағаш түрлері де арттыра түседі. Ешбір кем-кетігі, бұтағы мен шайыры, өзге аралас реңдері мен аласы жоқ таза сұрыпталған ағаш дайындамаларын табу қиынның қиыны. Оның үстіне дайындаманың бәрі бірдей аккустикалық жағынан керекке жарай бермейді. Өкінішке орай біздің елде саз аспаптарына арнап ағашты арнайы өндірістік жағдайда дайындау ісі қолға алынбаған. Көршілес Ресейде немесе АҚШ, Европа елдерінде бұл іс кешенді түрде дамытылып, ауқымды табыс көзіне айналып отыр. Қажетті ағаш түрлерін егіп өсіретін орман алқаптары, оның артық бұтағын бұтап, түзу өсуін қадағалайтын күтушілері болады. Қажетті өлшемге дейін ағаш өсті-ау дегенде оны дұрыстап тілетін, бабына жеткізіп кептіретін арнайы мамандар бар. Ал біздің елдегі шеберлер орман мен тау-тасты шарлап, құрылыс базарындағы көптеген бөренелер мен тақтайларды аралап жүріп, болмаса тіліп көріп, солардың ішінен ең таңдаулысын алуға мәжбүр. Оның барлығы уақыттық, материалдық шығын. Міне, сол себепті сұрыпталған емес, қолда бар азды-кем кемшілігі бар немесе ізденбей жасалған аспаптардың құны арзандау болады және солай болуы да керек.

Кейбір шеберлер аспаптарын күміспен, қымбат тастармен және басқа да материалдармен әшекейленіп жасайды. Тұтынушының талабына қарай шеберлер әртүрлі қымбат материалдарды пайдалануға тырысатындығы анық. Оның да бағаға қосар өз үлесі бар. Аспапты жасауда істетілетін лак, бояу, желім, ішек сияқты материалдардың дені біздің елде өндірілмейді. Оның ішінде де сапалысын, аспаптың сәнін арттырып, ажарын аша түсетіндерін шеттен алдыру да қымбатқа түсіп жатады.

Міне, осылайша сізге ұсынылып отырған аспаптың материалдарының сапасын сұрастыра, көз жеткізе келе оның нақты құнының бір бөлігін анықтай аласыз. Шеберлік пен тәжірибе. Ал енді саз аспабының материалына қатысты сыныңызды ысырып қойып оның жасалу шеберлігіне көңіл бөліңіз. Аспаптың әрбір бөлшегін оның пропорциясын, өлшемін сақтай отырып жасау, оны тазалап көздің жауын алатындай деңгейге жеткенше бояу, әрлеу үлкен шеберлікті қажет етеді. Қас шебердің туындысына байыптап зер салып қарайтын болсаңыз, оның бойынан пышақтың ізі, желімнің қалдықтары, лактың аққан іздері, ұсақ бөлшектер мен иірімдердің ұштарының ұшып кеткені, жеке бөлшектерді жапсырған кезде жігінің көрініп қалуы сияқты өзге де ұқыпсыздау жасалған тұстарын байқау қиын. Болса да бірлі-жарым. Мұндай деңгейге жеткізу үшін аспапты аса ұқыптылықпен ұзақ уақыт өңдеп жасау қажет. Сөйте тұра шебер өзінің үлгілі туындысын кем бағаламас, әрі нарық заңдылығына сай жасалуы арнайы шеберлікті, ұзақ уақытты талап еткен сайын тауардың өзіндік құны арта түсетіндігі бәрімізге мәлім. Сонымен қатар, шебердің көркемдік шеберлігін айтпай кетпесе болмайды. Аспаптың сыртына үйлесе кеткен ою-өрнекті талдай білу, берілетін түс пен реңнің үйлесімін табу, форма мен дизайынды қалыптастыру, бір көргеннен сіздің таңдайыңызды қақтыратындай түр-түсте жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұсқынсыз зат пен талғаммен жасалған туындының парқын ажыратқандай, оның бағасы да аутқи береді. Қош, сыртқы түр-түсінде міні жоқ аспапты таптық делік. Бірақ, саз аспабының негізгі қызметі, мақсаты – таза, тұнық, әуезді үн беру. Осы тұста шебердің тәжірибесін ерекше атар едім. Себебі, аспаптың дауысын шығару үшін ол ұзақ жыл ізденіс жүргізіп, тәжірибе жинақтауы қажет. Қай ағаш қандай дауыс береді, оның қақпағы мен шанағының қалыңдығы мен формасы әуеніне қалай әсер етпек, қандай тері мен ішек тағамын деген сияқты сан түрлі сауалдың бәріне ұзақ жылғы еңбекпен, тер төгумен ғана жауап табуға болады. Сондықтан саз аспаптарын жасайтын шеберлерді өзге ағаш ұсталарынан аспаптың әуенін шығара білудегі біліктілігі, кәсіби деңгейі, тәжірибесі айшықтап, ара-жігін ажыратып тұрады. Сонысымен шебердің төл туындысы қымбатырақ, құндырақ келетіні ақиқат.

Осы күнде қай салаға болмасын, инновация, техника етене араласып, өз орнын ойып алып жатыр. Бұл ретте шебер өз ізденісін техниканың соңғы жетістігімен ұштастыра алды ма, жоқ па соны да ескеру керек. Жаңа үлгідегі құралдар мен станоктарды игеріп, компьютерлің бағдарламаларды меңгерген саз аспаптарын жасайтын шеберді табу қиынның қиыны. Ондай маманның бірден жалақысын есептеп жатамыз, ал өнімін қаншаға бағалар едіңіз?

Және бір маңызды фактор, шебердің өз еңбегін тарих, ұлттық өркениет және музыка салаларымен ұштастыра алуы. Барлық шебердің саз аспабының тарихи ұлттық болмысы мен ұлттық түр-сипатын сақтай отырып заман талабына қарай жетілдіре алуға мүмкіндігі жоқ. Ол үшін тарихи мәліметтермен, музыкалық біліммен сусындап, өнер және мәдениет саласындағы адамдармен шығармашылық байланыс орната білу керек. Ондай ізденісте жүрген кәсіби шебердің аспаптарын қымбат бағада алуға еш тартынбаңыз.

Нарық және танымалдылық. Шебердің жетігені болсын, тігіншінің киімі болсын – бәрі де тауар. Ал тауар үшін тұтынушы өз қалтасынан қанша ақшасын қиып шығара алатынын ескермесе болмайды. Осы тұрғыда әр шебер өзіндік бағасын белгілейді. Сол белгілеген бағасына оның танымалдылығы да бірқанша үстеме қосатыны және бар. Белгілі бір брэнд қалыптастырып, көпшілікке танымал болған шеберлердің өз туындысына берер бағасы өзгелерден анағұрлым жоғары болатыны құпия емес. Бәсекелестердің аз болуы да маңызды фактор. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша саз аспаптарын жасаушы жақсы шеберлердің дені Алматы қаласында шоғырланған. Өзге өңірлерде домбыраны жасаушылар көп болғанымен, жетіген мен шертерді, сыбызғыны, адырнаны жасаушы шеберлер аз. Сондықтан, өзінің тұрғылықты жерінде бәсекелесі аз шебер баға монополиясын орнатуы ғажап емес.

Тек өзі емес, жұмысшы жалдап, фабрика деңгейіне көтерілген азаматтардың да аспаптарының өзіндік құнында жұмысшының жалақысы, салық, өндіріс орнын жалдау сияқты шығындар кіретінін ескеріңіз. Нарықта алып-сатар делдалдардың да көбейіп кеткенін байқаймыз. Шеберлердің барлығының дүкен ашып, тұтынушысын әр жерден іздеп, жарнамалап жүруге уақыты бола бермейді, сондықтан олар үшін ең оңайы аспаптарын арнайы дүкендерге, делдалдарға табыстап сату. Ал делдал шеберден алған аспаптың бағасына өз пайдасын қоспай тұра ма? Қалай болған күнде де шебердің тікелей өзінен барып, көзбе-көз көріскеннен кейін аспабын алған сіз үшін анағұрлым арзан түседі. Ертеңгі күні аспабыңыздың бір жері бүлінген жағдайда да кепілдік бойынша оны жасатып аласыз, ал делдалда ондай қызмет бола қоймас.

Көпшілік адамдар іздегендей дауысы «ең керемет» аспап болмайды. Дауыс пен әуенге келгенде әркімнің талғамы әр басқа. Сондықтан нарықта аспаптың құнын оның дауысынан гөрі, бірегей дизайнына, жасалу шеберлігіне, маркетинг пен жарнаманың жүргізілуіне, пайдаланылған материалына көбірек тәуелді деп ойлаймын.

Мақаланың авторы

Қазақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер

Абдрахман Нұрлан

Мақалалар тізіміне кері қайту