Қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасауды үйрететін кітаптар. 
Статья 1

Қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасауды үйрететін кітаптар.

 

Қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасауды үйренгісі келетін жастардың саны күннен күнге артып келеді. Сол жастарды саз аспаптарын жасауды үйрететін арнайы оқулық, әдістемелік құрал, тіпті болмаса мақала бар ма деген сауал мазаласа керек. Сол себепті, төменде мен осы күнге дейін қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасауға көмекші бола алатын, оның технологиясын сипаттап жазған еңбектерді тізбектеп, әрқайсысына қысқаша аннотация беріп кетуге тырысамын. Бұл барлық жарық көрген еңбектерді қамтыған мақала деуден аулақпын, тек өзімнің қолыма түскен және көпшілік арасында кең таралған нұсқаларын ғана назарларыңызға ұсынып отырмын.

1) Сарыбаев Болат. Қазақтың музыкалық аспаптары. Альбом. Алматы: «Жалын», 1978. – 136 бет. Бұл кітапта автор қазақтың саз аспаптарының фото суреттерін көпшіліктің назарына ұсынады. Альбомға шертер, домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, асатаяқ, даңғыра, қамыс сырнай, шаңқобыз, ұран сияқты аспаптардың көне және кейінгі ансамбль мен оркестр құрамында ойналып жүрген бірқанша түрлерінің суреттері берілген.

2) Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары. – Алматы: Өнер, 1980. – 208 бет. Аталған еңбегінде автор қазақтың ұлттық саз аспаптарының шығу тарихына, олардың Сібірдің түркі тілдес халықтарының аспаптарымен ұқсастығына ғылыми, архиологиялық, көне дерек көздеріндегі дәлел, дәйектерге сүйене отырып тереңінен тоқталады. Осыдан барып аспаптарды үрлеп тартылатын, ішекті, тілшелі, ұрып ойналатын, сілку арқылы үн шығатын аспаптар деп жіктеп, әр топтағы аспаптың ежелгі түрлеріне, жетілдірілу барысына, олардың өлшемдеріне, құлақ бұрауына, дыбыс қатары мен диапазонына сипаттама беріп кетеді. Кей тұстарында белгілі бір аспапты жетілдіру мақсатында жүргізілген лабораториялық зерттеулердің нәтижелерімен де бөлісіп отырады. Кітап көпшілік оқырмандарға арналған және шеберлер үшін қазақ халқының саз аспаптарының бастапқы өлшемдері, дыбыстық ерекшеліктері жайында құнды деректер мен мағлұматтар бере алады.

3) Шалтабаева С.Т., Әміреева Т.М. Ұлттық музыка аспаптарын дайындау /оқу құралы/. – Алматы: Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім академиясының Республикалық баспа кабинеті, 1999 ж. – 209 бет. Оқу құралы кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушыларына арналып жазылған ауқымды еңбек. Бұл кітапта тек қазақтың ішекті саз аспаптарының жасалу жолдарына мән берілген. Алғашқы тарауы ұлттық ішекті аспаптарға түсінік, олардың тарихы, жіктелуі және музыка мен акустика турасында қысқаша ақпарат береді. Келесі тарауында ішекті аспаптарды жасауда қолданылатын материалдар, олардың түрлері, кемістіктері, ерекшеліктері, физикалық-химиялық қасиеттері жайында баяндалады. Одан кейінгі екі тарауда аспап дайындауда қолданылатын ағаш өңдеу технологиялары, қол құралдары мен станоктардың түрлері, істетілу ерекшеліктері таныстырылған. Және соңғы V тарауында домбыра, шертер, жетіген, адырна, қобыз аспаптарының жасалу барысы сипатталады. Оқырманға әр аспаптың жекелей бөлшектерінің атаулары, оның қызметі, жасалу барысы, өлшемдері толықтай берілген. Аспапты құрастыру барысын бейнелейтін сызбалар да жүйелі түрде орналастырылған. Бұған қоса домбыраның қорабын жасаудың да әдіс-тәсілдері қамтылып отыр.

4) Адамқұлов Н.М., Тұрдығұлов Ж.А. Саз аспаптар тарихы: Кәсіптік білімге арналған оқу құралы. – Алматы: – 2007. – 48 бет. Бұл шағын оқу құралы қазақтың оннан аса саз аспаптарының шығу тарихы, тұрмыстағы пайдалануы, жасалатын материалдары, түрлері, оларды жаңғыртқан зерттеушілер мен шеберлер турасында мағлұмат береді. Әр аспапқа жеке бөлім арналып, суреттері бейнеленген.

5) Адамқұлов Н., Амандықова Д. Ұлттық саз аспаптарын жасау технологиясы: Оқулық. – Астана: Фолиант, 2012. – 352б. Оқулық алдымен саз аспаптарын жасауға қажетті материалдар мен құрал-саймандарға жіті тоқталып, өрнектеу, көркемдеп өңдеу тақырыптарын да қарастырған. Келесі тарауында домбыра және шіңкілдек аспаптарының жасалу технологиясын барынша кеңінен түсіндіруге тырысады. Одан бөлек домбыраның қоссаз, қозықұйрық, қуыс мойын үшем домбыра сияқты басқа да түрлеріне сипаттама беріп, олардың суреттері мен өлшемдерін көрсетіп кетеді. Соңғы тарауларында шертер, жетіген, қобыз аспаптарының жасалу барысы көрсетілген. Оқырманның назарына әр аспаптың өлшемдері, жасалатын материалдары, жекелеген бөлшектерінің қызметі мен атаулары, схемалық сызбалары анық және түсінікті етіп ұсынылған.

6) Ж. А. Тұрдығұлов, З. Ж. Рабилова. Домбыра. Қазақ домбырасының құрылымы және жасау технологиясы. – Алматы: Атамұра, 2013. – 256 б. Автор өз туындысында домбыраның жасалу барысын рет-ретімен сипаттап өтеді. Әрбір әдіс-тәсілге қысқаша түсініктеме бере отырып, оның орындалуын көбінде сапалы фотосуреттер арқылы көрсетіп кетті. Теориялық және мәтіндік ақпараттан гөрі иллюстрация мен фотосуреттерге басымдық берілген. Автор оқырмандарымен өз аспаптарын жасауда қолданатын технологиялар мен сызбаларымен бөліседі.

Авторы: Қазақ ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер Нұрлан Абдрахман

P.S. Мақаланы өзге басылымдар мен ғаламтор желілерінде жариялау, көшіріп орналастыру барысында оның авторына және оның алғаш жарияланған www.zhetigen.kz сайтына сілтеме жасауларыңызды сұраймы

Мақалалар тізіміне кері қайту